Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) не үшін қажет?
Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген соң СТТН (РНН) талап етілмейтін болады деп жаппай жеке куәлікті ауыстырған едік. Алайда қазір қай жерге барсаңыз да, ЖСН емес, СТТН талап етеді. Ондай болса елді не үшін дүрліктірді? ЖСН қашан амалға асады?
Әмірхан, Алматы облысы
Алматы қаласы бойынша салық департаменті мамандарының мәліметіне қарағанда, 2012 жылдан бастап еліміздің барлық жерінде СТТН (РНН) орнына ЖСН/БСН (сәйкестендіру нөмірлері) талап етілетін болады. Сондықтан осы уақытқа дейін қандай да бір себептермен ЖСН/БСН алмаған болсаңыз, жыл соңына дейін міндетті түрде алуыңыз керек. Себебі 2012 жылдан бастап ЖСН/БСН талап етілетін болады. Егер ЖСН алған болсаңыз, оның дұрыстығын тексертіп алған жөн.
Жеке тұлғада ЖСН оның жеке куәлігіндегі фотосуреттің астыңғы оң жағында, ал заңды тұлғада мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінде көрсетілген.
Сіз өзіңіздің сәйкестендіру нөміріңіздің бар-жоғын салық органының мына сайтынан көре аласыз www.salyk.kz/ru/Pages/findtaxpayers.aspx
Сәйкестендіру нөміріңіз бойынша айырмашылықтар анықталған жағдайда жедел түрде жергілікті салық органына хабарласып, түзетулер енгізуіңіз керек.
Ал жеке куәлігіңізде ЖСН болмаған жағдайда мекенжайыңыз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығынан барып алуыңыз қажет.