Жауапты хатшының өкілеттіктері қандай?
Елімізде әкімшілік реформа аясында орталық атқарушы органдарда жауапты хатшы лауазымы енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Жауапты хатшының өкілеттігіне қандай мәселелер кіреді?
Нұрбек, Алматы облысы
«Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 16 қарашадағы №435 Жарлығы жауапты хатшы мен мемлекеттік орган басшысының өкілеттігін нақты межелейді. Аппараттың қызметі мен кәсіби жұмысын ұйымдастыру жауапты хатшының негізгі міндеті болады. Ол үшін оған қажетті өкілеттілік беріледі. Осылайша жауапты хатшы кадр, қаржы, заңгерлік, әкімшілік, құжаттамалық, ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы құрылымдық бөлімшелер қызметіне, сондай-ақ орталық атқарушы органда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бірыңғай саясаттың іске асырылуына жетекшілік етеді. Мемлекеттік сатып алу саласында жауапты хатшының өкілеттіктері (мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын, конкурстық комиссияның құрамын және конкурстық құжаттаманы бекіту) сатып алуды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болады. Жауапты хатшының өзі жүргізетін мемлекеттік сатып алу тиісті атқарушы органның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша ғана жүзеге асырылады. Жауапты хатшы: мемлекеттік басқарудың тиісті салаларындағы (аясындағы) саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді; өз құзыреті шегінде мемлекеттік органның бірінші басшысының актілері мен тапсырмаларын орындайды; орталық атқарушы органның аппаратында басшылықты жүзеге асырады; оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды.
Жарлыққа сәйкес, жауапты хатшыға мемлекеттік орган басшысының міндетін, сондай-ақ жауапты хатшының міндеттерін мемлекеттік органның басшысына және оның орынбасарларына жүктеуге жол берілмейді. Жауапты хатшыға сәйкес келмейтін функциялар мен тапсырмалар беру мүмкіндігі болдырылмайды. Жауапты хатшы уақытша болмаған кезеңде (демалыстар, іссапарлар, сырқаттану және т.б.) тиісті бұйрықпен оның өкілеттігі өзіне қарасты департамент басшысына жүктеледі.