Жастар саясаты жөніндегі кеңес қашан құрылды?
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жайлы білгім келеді. Бұл кеңестің басты міндеттері мен мақсаттары қандай?
Ақылбек, Қостанай
Мемлекет басшысының 2008 жылғы 1 шілдедегі №625 Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі құрылған болатын. Бұл кеңестің басты міндеттеріне жастарға қатысты кешенді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтау, қалыптастыру және іске асыру, ҚР Президентін жастар арасындағы ахуал туралы хабардар етіп отыру, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігіне талдау жасау, мемлекет саясатының жастарға қатысты өзге де маңызды мәселелерін талқылау секілді мәселелер жатады. Кеңеске төраға басшылық жасайды. Кеңестің жеке құрамын ҚР Президентi бекiтедi. Кеңес орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік деңгейдегі азаматтық қоғам институттары мен қоғам өкілдерінен жасақталып, үш жыл мерзімге құрылып отырады. Кеңес отырыстары қажеттiлікке қарай ұйымдастырылады. Десек те, кем дегенде жылына бір мәрте өтуі – шарт. Сонымен қатар бұл басқосуға кеңес мүшелерінің жартысынан көбі қатысуы керек. Кеңес жұмысы ағымдағы және перспективалық жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Кеңестің жұмыс жоспарын оның мүшелерінің ой-пікірлерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, төраға бекітеді. Ал шешiмдер тікелей ашық дауыс беру арқылы қабылданады.