Жас мамандарға еңбек демалысы қанша күнге беріледі?
Мемлекеттік мекемеде жас мамандарға алғашқы еңбек демалысы қанша күнге беріледі?
Әлия БЕРДІБЕК, Қарағанды
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 101-бабына сәйкес, егер қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн басқа нормативтi-құқықтық актiлерде, еңбек шартында, ұжымдық шартта және жұмыс берушiнiң актiлерiнде көп күн саны көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы күнтiзбелiк 24 күн болатын жыл сайынғы негiзгi ақылы еңбек демалысы берiледi. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 53-бабы бойынша жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi мен оларға теңестiрiлген адамдар үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк 56 күн; мектепке дейiнгi және қосымша бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi мен оларға теңестiрiлген адамдар үшiн күнтiзбелiк 42 күн ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтiк кепiлдiктерiн иеленедi. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына орай, мемлекеттік қызметшілерге ұзақтығы 30 күнтізбелік күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы белгіленген. Сондай-ақ кодекстің 239-бабында азаматтық қызметшілерге 30 күнтізбелік күннен кем емес көлемде жыл сайынғы еңбек демалысын беру көзделген. Жыл сайынғы ақылы демалыс кезінде еңбек өтілі есепке алынбайды.