Әйелімнің жеке куәлігі жоғалуына байланысты жаңа туылған нәрестеміздің туу туралы куәлігін уақытында жасата алмадық. Енді бір жасқа толғанда туу туралы куәлігін алсақ дейміз. Осы куәлікті алған соң, балаға тиесілі жәрдемақыға құжат тапсырмақ едік. Жаңа туылған балаға тиесілі жәрдемақыны құжатты кешіктіріп тапсыруға бола ма?
Сапар БАЙЖҰМА, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен берілетін баланың туылуына орай бір реттік мемлекеттік жәрдемақы мен бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайынғы жәрдемақыны тағайындауға өтініш баланың туылған күнінен бастап, 12 ай ішінде қабылданады. Сіздің жағдайыңызда, балаңыз бір жасқа толғанға дейін ғана жәрдемақылар тағайындауға өтініш білдіре аласыз. Жәрдемақылар тағайындауға қажет құжаттардың қатарында баланың тууы туралы куәлігінің көшірмесі не тууы туралы акт жазбасының көшірмесі бар. Егер жаңа туған балаңыздың туу туралы куәлігі болмаса, онда тіркеу орындарынан баланың туу туралы акт жазбасының көшірмесін ұсынуыңызға болады. Заңға сәйкес, баланың туылуына орай бір реттік мемлекеттік жәрдемақының көлемі: бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); төртінші және одан көп баланың туылуына – 50 АЕК. Бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының көлемі: бірінші балаға – 5,5 АЕК; екінші балаға – 6,5 АЕК; үшінші балаға – 7,5 АЕК; төртінші және одан көп балаға – 8,5 АЕК; 2010 жылы 1 АЕК мөлшері 1 413 теңгені; 2011 жылы 1 АЕК мөлшері 1618 теңгені құрайды.
Жәрдемақы үшін құжаттарды кешіктіріп тапсыруға бола ма?
Последние статьи автора