Жапония елі неше аралда орналасқан?
Бұл елде императордың билігі жүре ме?
Нұрай Тұрарбекқызы, Ақтөбе қаласы
Әлемдік электронды энциклопедия деректері бойынша «Таң шапағы елі» атанып кеткен Жапония – Шығыс Азия жағалауларына жақын маңдағы Тынық мұхит аралдарында орналасқан мемлекет. Бұл ел төрт мыңға жуық аралдардан тұрады. Олардың ең үлкендері: Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю аралдары. Әкімшілік жағынан 47 префектураға бөлінеді. Жапония — бір ұлтты ел, себебі халқының 99,4 пайызы — жапондар. Бұдан басқа қытайлар, кәрістер, америкалықтар тұрады. Бірақ олар өте аз.
Жерінің көп бөлігі таулы-қыратты болып келеді. Неғұрлым ірі таулары: Хидака мен Китами (Хоккайдо аралында), Оу, Этиго, Хида, Кисо, Аканси (Хонсю аралында). Бұл тауларда сөнбеген жанартаулар әлі де көп. Ең белгілісі — Хонсю аралындағы 3776 м биіктікте орналасқан Фудзияма жанартауы. Елде жиі-жиі жер сілкіністері болады және мұхит жағалауларында цунами желі үнемі соғады.
Мұндағы ресми тіл — жапон тілі. Негізгі діндері — синто және будда діндері. Жапония — конституциялы монархияны сақтаған ел. Ал жапон императоры қазіргі конституциялары бойынша ол тек «мемлекет пен халық бірлігінің символы» болып табылады. Император әулеті мемлекеттің қамқорлығында болады.