Жанар-жағармай сапасын бақылау кемшін
Соңғы кездері көлігімнің жанар-жағармайы тез жанып кетеді. Оны көлігімнің ақауынан болуы ықтимал деп техникалық қызмет көрсету орталықтарына да бардым. Бірақ олар ешқандай кінәрат таппады. Бұл арадағы түйткіл жанар-жағармай сапасынан болуы мүмкін бе?
Мейіржан, Алматы қаласы
Тәжірибе бойынша, жанар-жағармай тапшылығы орын алған мемлекетте спекуляция болу мүмкіндігі өте жоғары. Мұны «ORGANIC мұнай өнімдері сараптамасының тәуелсіз орталығы» ЖШС-нің директоры Ақмарал Қалмұратова да мойындайды.
– Отын тапшылығы орын алғанда, оның сапасы да нашарлай бастайды. Ол рас. Яғни қазір елімізде тапшы жоғары октанды жанар-жағармайдың орынын толтыру үшін суррогаттардың пайда болуы әбден ықтимал. Аттарын айтпай-ақ қоялық, бірақ көптеген жанар-жағармай бекетіндегі өнімді тексерген кезде осындай фактіні тіркедік. Бұл ретте ең оңай тәсіл: АИ-80 маркалы бензинді сатып алып, оған химиялық қоспаларды қосу арқылы жоғары октанды жанар-жағармай алу. Әрине, ол тез жанып кетеді, қоршаған ортаны да ластайды, – дейді ол.
Жалпы, заңнама бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілдері еліміздегі жанар-жағармай бекеттерін жылына бір рет тексере алады, онда да прокуратураның санкциясы болса. Ал Алматы қаласының Техникалық реттеу және метрология департаментінің мемлекеттік инспекторы Сауытбек Қапаевтың айтуынша, заңнамамыздағы олқылықтың салдарынан отын сапасын бақылап отыру мүмкін емес. «Мәселен, біз заңға сәйкес қандай да бір жанар-жағармай бекетіне «бәленбай күні отын сапасы мен есеп құралын тексеруге келеміз» деп хат жолдауымыз керек. Әрине, мұндай жағдайда сапасыз жанар-жағармай саудалап жүрген бекеттің өзі сол күні бәрін мықтап түзеп қояды ғой», – дейді ол.