Жаңа театр несімен ерекшеленбек?
Жақын арада Алматыда жаңа форматтағы театр ашылады деген хабарды естіп едім. Бірақ ол театрдың несімен ерекшеленетінін білгім келеді.
Айжан БЕКСҰЛТАН, Қапшағай
Өнерсүйер қауымның көзайымына айналуды көздеп отырған ВТ театры (BUSINESSTHEATRE) заманауи бағытымен ерекшеленбек. Ол Лондондағы әлемге әйгілі Sadler’sWells театрының үлгісінде жұмыс істейді. Мұнда тұрақты труппа өнер көрсетпейді. Әртістер тек керек кезінде ғана жобаға шақырылып, қайта тарап отырады. Есесіне әр адамның өзінің ашылмай жатқан қырларын байқап, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Театр түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар мен қойылымдармен көрермен назарын аудармақ. Тұрақты түрде тренингтер өтіп, арнайы іріктеу арқылы қабылданатын талантты қызметкерлер көрермен уақытының дұрыс өтуіне күш салады. Дәрістер кәсіби режиссер, актер, психологтердің қатысуымен жүзеге асады. 15 адамнан жасақталған топтың әр мүшесіне жеке-жеке көңіл бөлінеді. Бұл жобаға жоғары шенді басшылар мен қарапайым адамдар да қатыса алады. Жаңа театрдың құрылтайшылары Германиядағы әріптестерімен, Лондон драмалық өнер академиясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, барыс-келіс жасауға уағдаласып отыр.
Театрдың құрылтайшысы – Қаржы банкінің бұрынғы директоры, тәжірибелі психолог, актриса-режиссер Наташа Дубс. Оның айтуынша, қала тарихындағы алғашқы заманауи театр өнер саңлақтары мен шаһар тұрғындары үшін таптырмайтын орталыққа айналады.