Мен жалғызбасты анамын. Бір қызым бар. Мемлекет тарапынан жалғызбасты аналарға қандай әлеуметтік көмек беріледі?
Лейла БАЙДУЛЛИНА, Қостанай облысы
Сарапшы мамандардың мәліметіне қарағанда, мемлекет тарапынан толық емес отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік кепілдемелер жалпы негізде қаралады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері бір айлық есептік көрсеткішті немесе 1413 теңгені құрайды. Сонымен бірге отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есепті кезеңде алынған еңбекақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыс, кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлерінен түсетін табыс, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі табыс, жеке қосалқы шаруашылықтан – мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсіруді қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс және өзге де табыс есепке алынады. Бұдан басқа белгіленген кедейлік шегінен отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола алады. Бұл көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде есептейді. Сонымен қатар облыс, қала және аудан әкімдері, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыларына өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген.
Жалғызбасты анаға қандай әлеуметтік көмек беріледі?
Последние статьи автора