Біз аулада жағажай футболын ойнаймыз. Бірақ көп жағдайда ережелерін түсіне бермейміз. Оның үлкен футболдан айырмасы бар ма?
Ғалым СЕРҒАЗИН, Қапшағай қаласы
Жағажай футболының үлкен футболдан айырмасы – жер мен көктей. Оның ережелері 1992 жылы қабылданған. Содан бері көп өзгеріс ене қойған жоқ. Ал қазіргі ережелеріне тоқталар болсақ, жағажай футболы ені — 28 метр, ұзындығы 37 метр болатын қиыршық құмда ойналады. Ойын 12 минуттан үш тайм бойы өтеді. Сондай-ақ мұнда тең есеп болмайды. Сондықтан ойын тең нәтижемен аяқталса, төреші үш минут қосады. Осы аралықта «алтын гол» соғылуы тиіс. Егер «алтын гол» соғылмаса, онда пенальти сериясы болады.
Бұдан басқа айта кетер нәрсе, жағажай футболында әр команданың сапында алаңға төрт ойыншы, бір қақпашы шығады. Және қосалқы құрамда төрт-бес ойыншы отырады. Мұнда кез келген минутта ойыншылар ауыса береді. Және де қанша рет ауысса да, өз еріктері. Айып добы белгіленген жағдайда соққы тікелей қақпаға бағытталуы тиіс. Ал дөрекі ойын үшін футболшыға «көк қағаз» көрсетіледі. Бұл – ойыншы екі минутқа ойыннан аластатылады деген сөз. Айтпақшы, жағажай футболын жалаңаяқ ойнауларыңыз керек. Бірақ тізеге қорғаныс матасын орап шығуға болады.