«Ымды білмеген дымды білмейді»
Мим және пантомима жанрлары жайлы білгім келеді.Айдар Ғалымжанұлы, Астана қаласы
Сіздің «мим» деп отырғаныңыз, қазақшалап айтқанда, ым жанры. Яғни бұл жанрда өнерпаздар үнсіз өнер көрсетеді. Антикалық гректер мен римдіктер халыққа акробаттар мен сиқыршыларды, тұрмыстық сатиралық фарсты орындайтын актерлер «мим» деп атаған. Кейіннен бұл жанр жоғарыдағы басшыларды әзіл-әжуа ету, сынап-мінеу өнеріне айналды. Ең алғашқы мимограф-маман XIX ғасырда өмір сүрген египеттік Геронд деген кісі.
Ал пантомима – бұл да сахналық өнер түрі. Аталмыш жанрда көркем образды жасауда адам денесінің икемділігі басты рөл атқарады. Мұнда да өнерпаздар тілсіз өнер көрсетеді. Бүгінде шетелдерде ым жанры бойынша түрлі халықаралық байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Мұндай байқауларда цирк элементтерімен шоу, қуыршақ спектакльдері, ересектерге арналған шоу мен бүкіл отбасына арналған ойын-сауық шаралары өтеді.
Айталық, жақында ғана Лондонда өткен мимдер фестивалі 1977 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер үнсіз өнерді өлі тыныштықта тамашалайды. Бұл фестивальді ең алғаш болып британиялық сайқымазақ Ноло Рэй бастаған. Амстердамдағы ақымақтардың фестивалінен ерекше әсер алған Рэй өзінің жекеменшік фестивалін ұйымдастыруға бел байлап, басты назарды пантомимаға бөлген.