Хет-трик деген немене?
Теледидардан комментаторлар жиі қолданатын «хетт-трик» сөзін көп естимін. Оның мағынасы не екенін білуге бола ма?
Мейрамбек Бозжігітов, Ақтөбе қаласы
Футбол мен хоккейдегі бір ойында бір адамның соққан үш голын «хет-трик» деп атайды. «Хет-трик» сөзі футболда жиі қолданылғанымен, бұл терминнің түп негізі крикет деген спорт түрінен шыққан. Крикетте үш рет допты сәтті лақтырған ойыншыны жаңа қалпақпен марапаттайды екен. Негізі, ағылшын тілінен аударғанда «хет» сөзі қалпақ деген мағынаны білдіреді. Әйгілі бразилиялық футбол жұлдызы Пеле өзінің жасыл алаңдағы ғұмырында 93 рет «хет трик» жасаған екен.
Жалпы, футбол терминологиясында бір ойыншының бір ойында соққан екі голын «дубль», үш голын «хет-трик», төрт голын «покер», бес голын «пента-трик», алты голын «екі еселенген хет-трик» деп атайды.