Витилигомен қалай күреседі?
Менің баламның шашы аппақ болып туылды. Қазір ұлымның жасы 15-ке келді, бірақ шашы әлі қарайған жоқ. Дәрігерлер оның витилиго ауруына ұшырағанын айтады. Осы дерт неден пайда болады? Жалпы, витилигомен күрестің қандай жолдары бар?
Айман ДӘРЕНБЕКҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Витилиго адамда көбіне тұқымқуалаушылықтан, жүйке жүйесі мен эндокрин бездері қызметінің бұзылуынан және ағзаның қорғаныс қабілеті төмендеуі салдарынан пайда болады. Аталған ауруға дұрыс тамақтанбау, күйзеліс пен алған жарақаттар да – себепкер. Сондай-ақ витилигоға бауыры ауыратын, ішек құрты барлар мен гепатит, қызылша секілді созылмалы дерттермен ауырған науқастар да шалдығады. Витилигоның себептері өте көп. Ол адамның кез келген жерінде, көбіне қолында, саусақтарында пайда болады. Бетте, ерінде, көздің айналасы мен қабақта да жиі кездеседі. Соның салдарынан түк шығатын жерлер тез ағарады. Жалпы, бұл ауруға шалдыққан жандар ағзаның қорғаныс қабілетін көтеруге тырысқандары жөн. Сондай-ақ ауру адамның өзін-өзі жегідей жеп көп ойлануына, өзін өзгелерден кемсітуіне жол бермеуі керек. Осындай кезде дәрігердің көмегіне жүгініп, жеуге болатын және болмайтын тағам түрлері жөнінде де тиісті кеңестер алғанның пайдасы мол. Есте болсын, витилиго – жұқпалы ауру емес, дегенмен ол асқынған жағдайда ағзада бұғып жатқан өзге ауруларды да қоздыруы мүмкін.