Виртуалды фанаттар шеруі
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер күш ала бастады. Спортшылардың, оның ішінде футболшылардың әлеуметтік желілердегі парақшалары да көбейіп кетті. Осыған орай футболшылардың ресми парақшаларындағы жанкүйерлерді есептегенде кімнің асығы алшысынан түсіп тұр?
Расул Райымбекұлы, Алматы облысы
Бүгінде «Фейсбукта» немесе «Твиттерде» тіркелмеген спортшы жоқ. Барлығы да әлеуметтік желілерден парақтарын ашып қойған. Әсіресе Марк Цукерберг білімінің жемісі болып есептелетін «Фейсбук» әлеуметтік желісін қолданушылар әлемде өте көп. Футболшылар ішінде Криштиану Роналдудың виртуалды фанаттары көш бастап тұр. «Реалдың» жартылай қорғаушысын сынап-мінейтіндер көп болса да, Роналдудың «Фейсбуктағы» парақшасына тіркелген жанкүйерлерді басқалардың тек армандауына болады. Нақтырақ айтатын болсақ, Роналдудың парақшасына 37 604 793 адам тіркелген. «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ең атақты 15 парақшаның ішінде Криштианудың парақшасы – 12-орында. Бір қызығы, әлгі үздік 15 парақшаға Роналдудан өзге спортшы кірмеген. Екінші орында, өздеріңіз ойлағандай, Лоенель Месси орналасқан. Аргентиналық ғаламтордағы басымдыққа YouTube бейнелер жүйесі арқылы қол жеткізіп отыр. Әрбір қолданушы ғаламтордан оның соққан голдарын қарамай кетпейді екен. Ғаламторда танымалдығы жөнінен үшінші орында – Кака, төртінші орында Дэвид Бекхэм тұр.
Клубтар арасында «Манчестер Юнайтедтің» Фейсбуктағы жанкүйерлері бет қаратпай тұр. «Қызыл сойқандар» Азия аймағындағы, әсіресе Қытай мен Жапониядағы жанкүйерлері арқылы интернеттегі басымдықты иеленіп отырғанын мойындайды.