Ұзынсары қай кезең?
Әке-шешелеріміз айта қоймағанымен, жасы үлкен ата-апаларымыздың ауызекі әңгімелерінен аракідік ұзынсары дегенді естіп қаламыз. Ұзынсары қай мезгіл?
Дарын Бөгенов, Тараз қаласы
Ұлттық ерекшелігімізге сай, ата-бабаларымыз ежелден әр мезгілге өздерінше ат қойып, айдар таққан. Екі ағайынды, мизамшуақ, сүмбіле, құралайдың суығы деген сынды қыстың қатуы қайтып, күннің жылынған кезін ұзынсары деп атаған.
Ұзынсарының мына күндердің арасы деп күнтізбе бойынша айтарлықтай нақты уақыты жоқ. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын көкөзек шақ ұзынсары деп атаған. Күн ұзарғанда адам әлсіреп, тамаққа деген тәбеті күшейеді. Сол себепті де елімізде ұзынсарыға қамдану – әлімсақтан бар әдет. Шешелеріміз астың құнарлысын, соғым етінің сүрін осы ұзынсарыға арнайы сақтап келе жатуының сыры – осында.