«Үздік экскурсия жүргізушісі» атағы кімге берілді?
Жуырда «Жылдың үздік экскурсия жүргізушісі» республикалық байқауы болып өтті дегенді естіп едім. Осынау ерекше байқауда кімдер жеңімпаз атанды?
Нұргүл Нұрбекқызы, Алматы облысы
Тұңғыш рет кең ауқымда ұйымдастырылған «Жылдың үздік экскурсия жүргізушісі» республикалық байқауы жақында Семей қаласында табысты өтті. Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің 130 жылдығына арналған байқауға еліміздің барлық өңірінен 20-дан астам үміткер қатысты.
Білікті мамандардан құралған қазылар алқасына ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, музей ісінің республикадағы белгілі маманы Бақыт Оразымбетова төрелік етті. Сонымен «Жылдың үздік экскурсия жүргізушісі» атағын Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дәулет Ілиясов жеңіп алып, Бірінші дәрежелі дипломмен және бағалы жүлдемен марапатталды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Әйгерім Бекқалиева екінші орын алса, үшінші орынды Қостанай облысының өкілдері: Жангелді аудандық музейінің қызметкері Гүлбану Сәрсекей мен Арқалық қаласының тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жанар Қалиева бөлісті. Осы тәрізді «Шеберлігі мен тапқырлығы үшін», «Көрермен көзайымы» және «Үкілі үміт иегері» жүлделері де сарапқа салынған еді. Олардың иегерлері – Қарлығаш Тұтқабаева (Алматы облысы Талдықорған қаласының Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі), Тантақова Жәния (Павлодар қаласының Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі) және Индира Алдоңғарова (Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі) иеленді. Барлық байқауға қатысушыларға игі тілектер жазылған алғысхаттар тапсырылды.