Ұшынудың қатерлі түрінен қалай сақтану керек?
Ботулизм ауруы неден жұғады? Қалай сақтанған жөн?
Эльмира Нұрмағамбетова, Алматы қаласы
Ботулизм – тамақтан уланудың өте ауыр түрі, ботулинум клостридиясы (бактерия) немесе ботулотоксин қоздырғышы бар асты жеген кезде ағза уланып, жүйке жүйесі зақымданады. Әсіресе мұндай қоздырғыштар шыны банкаларға қолдан жауып әзірленетін тағамдар құрамында пайда болады. Балық пен тауық еті, сондай-ақ шұжықтар дұрыс сақталмаған кезде де оларда ботулотоксин түзілуі мүмкін. Санитар-эпидемиологтердің мәліметінше, Алматы қаласы аумағының топырағында ботулизм қоздырғышы кең тараған. Сол себепті бау-бақша өнімдерін қолданғанда абай болған жөн. Аурудың алғашқы белгілері – іштің өтуі, әлсіздік, бас ауруы, құсу, сөйлеудің қиындауы, көздің көрмей қалуы, тыныс алудың нашарлауы. Мұндай белгілер байқалған кезде бірден дәрігерге көрінген дұрыс, өйткені ботулизмге қарсы сарысу тек инфекциялық ауруханаларда ғана бар. Айта кетейік, биыл Алматыда ботулизмді тоғыз адам жұқтырған.