Әдетте Қытайды – айдаһарға, Ресейді аюға теңеп жатады. Осы секілді басқа да елдердің жануар кейпіндегі бейнелерін атап бересіздер ме?
Ержан БЕРІКБОЛҰЛЫ, Талдықорған
Елтаңба мен туда көрсетілмесе де, бейресми орталарда елдің ұлттық символы ретінде аталатын бейнелер көптеп кездеседі. Ол кейде кең қолданыстағы тағам түріне қарай, кейде танымал мәдени ескерткіштерге (мысалы, Англияда – Биг Бен сағаты, Мысырда – пирамида), белгілі қайраткер тұлғалардың атына байланысты немесе өсімдік түріне қарай лақап атау ретінде қолданысқа еніп жатады. Дегенмен ұлттық символ ретінде көбіне жануар түрлері қолданылады екен. Олардың барлығы дерлік ежелгі заманнан келе жатқан тотемдермен байланысты. Атап айтқанда, Қытай – айдаһар, кейде панда аюы, Үндістан – піл, Ресей – аю, АҚШ – ақ басты сұңқар, Финляндия – бұғы, кейде қыран, Австралия – кенгуру, Франция – тауық, Канада – құндыз, Англия мен Сингапур – арыстан, Тайланд – піл, түркі тектес халықтар – көкбөрі, Соломон аралдары – акула, Жапония – таңқышаян, Германия – қара бүркіт, Сочи – дельфин, Израиль – сасықкөкек, шешен халқы жыртқыш қасқырды ұлттық символ ретінде таниды.