Ұйқының шалалығынан салмақ арта ма?
«Ұйқы қанбаған жағдайда да адамда артық салмақ пайда болады» деп естіген едім. Шынымен де солай ма?
Нұрсәуле ОРЫНБЕКҚЫЗЫ, Тараз қаласы
Ұйқының қанбауы, шынымен де, артық салмақтың пайда болуына апарып соқтыруы мүмкін. Бұл процесте ұйқы кезінде түзілетін және адамның тәбетін жүйелейтін екі гормонның маңызы зор. Олар – майдың ыдырауы мен ашығу сезімін реттеп отыратын грелин, сондай-ақ ағзадағы майдың түзілуін және тәбеттің төмендеуін реттеп отыратын лептин болып табылады.
Жуық арада жүргізілген зерттеулер нәтижесіне жүгінсек, қатарынан екі түн бойы төрт сағаттан ғана ұйықтаған адамда грелин гормонының түзілуі 28 пайызға артып, ал лептиннің түзілуі, керісінше, 18 пайызға төмендейді екен. Былайша айтқанда, шала ұйқы тәбеттің артуына ықпал ететін гормондар деңгейін арттырады. Соның салдарынан адам тез толып, салмағы да мейлінше артады.