Үйді ең алдымен өзіңіз үшін жинайтыңызды еске саламыз
Жұмыс күндері демалысты армандап жүргенде демалысымыздың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Себебі үйді жинап, ретке келтіремін дегенде бір күн, тіпті, екі күніміз зыр етіп өте шығады. Сосын жексенбінің кешінде «қап, ертең жұмыс» деп демала алмағанымызға налып, бармақ тістеп отырамыз. Осы жағдай қайталана бермес үшін үйді тез әрі тыңғылықты жинап шығудың құпияларына құлақ түріңіз.
1-кеңес. Демалыс деген жақсы. Алайда үйді де ең алдымен өзіңіз үшін, денсаулығыңыз үшін жинайтыңызды еске саламыз. Шаң жиналған, шашылған үйде жақсы энергия жүрмейді. Сондықтан үйді жинап жатқанда іштей өзіңізге ұрсып, ренжіп, зекудің қажеті жоқ.
2-кеңес. Жалпы үй жинауды рухани практикамен айналысудың бір түрі деп қабылдаңыз. Әсіресе ыдыс жуып жатқанда ойымды, жадымды керек емес дүниелерден тазартып жатырмын деп ойлаңыз. Айнаның шаңын сүртіп жатқанда «көңілімнің айнасын жарқыратып жатырмын» деп айтыңыз. Сонда ғана жүйкеңіз жұқармайды. Уақытым түкке түрғысыз шаруаға емес, өз-өзімді дамытуға кетті деген қорытынды шығарасыз.
3-кеңес. Қонақ күтетін болсаңыз, ең бірінші дәлізді жинап шығыңыз. Ол үшін артық сырт киімдерді ілгіштен алып, шкафыңызға салыңыз. Дәліздің еденін жуып шығыңыз. Үйге кірген қонақтың назары ең алдымен дәлізге түсетінін біліңіз.
4-кеңес. Асүй – жиналатын бөлмелердің ішіндегі ең маңыздысы. Себебі асүйге қарап, қонақтың тәбеті артып не қашып кетуі әбден мүмкін. Қонақ келмеген күннің өзінде де үй жинауды дәл осы асүйден бастау қажет. Себебі бір асүйді жинап шығуға көп уақыт кетеді. Ең дұрысы, күн сайын асүйіңізге 15 минут уақыт бөліңіз. Бір күні микротолқынды пешті жуып шығыңыз, екінші күні тоңазытқышты ерітіп, тазартыңыз. Сонда демалыс күні сізге ыдыс-аяқты орнына қойып шығу мен еден жуу ғана қалады.
5-кеңес. Ыдыстарды жуу барысында қазан сияқты үлкен ыдыстардың ішіне ыстық су құйып қойып, ұсақ-түйектерді жуа беріңіз. Сонымен қатар қалдықтардың кесірінен тарелкаларды жуу қиынға соқса, оларды да суға толы раковинаға салып қойыңыз. Жіби берсін. Ұсақ-түйек яки онша кірлемеген ыдыстарды жуып болған соң жуылуы қиын ыдыстарға көшуге болады. Жібіп тұрғандықтан, оларды жуу процесіне көп уақыт кетпейді.
6-кеңес. Таза үйдің ең бірінші принципі – қол сүртетін сүлгілердің тап-таза болып тұруы. Асүйдің де, ваннаның да сүлгісін күн сайын ауыстырыңыз. Сонда олар қатты кірленбейді, демек оларды жуу қиынға соқпайды. Әрі қол сүрткен сайын сіздің де, келген қонағыңыздың да көңілі орнында болады.
7-кеңес. Күн сайын жатарда унитаздың жан-жағына тазартатын, ағартатынды жағып қойыңыз да таңертең езе салыңыз. Бұл ванна мен раковинаға да қатысты ереже. Есесіне үшеуі де сарғаймай, мұнтаздай аппақ болып отбасыңызға қызмет етеді.
Оқи отырыңыз: Өзіңді тәртіпке келтірудің бес әдісі
8-кеңес. Қоқыс шелегінің түбіне ескі газет төсеңіз. Сосын ішіне пакет салыңыз. Қоқыс төгерде пакетімен беріңіз. Күн сайын шелекті жуудың қажеті жоқ. Түбінде газет болғандықтан, аптасына бір немесе екі аптада бір газетін жаңартып тұрсаңыз болғаны.
9-кеңес. Матаның үстіне тұз себіңіз де үтігіңізді қыздырыңыз. Содан соң қызған үтікпен сол матаны үтіктеп шығыңыз. Нәтижесінде үтігіңіздің кірі кетеді, табанында дақ болса, тазара түспек.
10-кеңес. Еден 24 сағат бойы жарқырап тұрсын десеңіз, пол жуатын суға киім жууға арналған кондиционерді қосыңыз.
11-кеңес. Тоңазытқышыңыздың тартпалары үнемі таза болсын деп армандасаңыз, асқа арналған пакетті (пищевая пленка) қолданыңыз. Пакетті қайшымен кесіп, тартпаларға төсеп қойыңыз. Сонда үйді жинау барысында тартпаларды алып жумайсыз, тек пакетті жаңартсаңыз болды.
12-кеңес. Сұйық майды газ плитасына тамызыңыз. Содан соң езіңіз. Сұйық май майды оңай кетіретінін көбісі біле бермейді.
13-кеңес. Кір жууды аптаның соңына қалдырмаңыз. Күн сайын бір рет кір жуу машинасын қосуды әдетке айналдырыңыз. Кір жиналып қалса, жағымсыз иіс шығатыны бар. Сосын сенбіде үй жинауға білек сыбана кірісіп жатқанда кірлерді сорттап, машинаға салу процесі ойыңызды бөледі. Әрі машинаның айғайлаған даусы да (айғайламайтын тыныш машинаңыз бар болса, керемет!) мазаңызды алады.
14-кеңес. Балалы-шағалы болсаңыз, қазірден бастап балаларды (кішкентай болсын) тазалыққа, жинақылыққа үйретіңіз. Қызыңыз ойнап болған соң ойыншықтарын өз орнына қойса, ұлыңыз әкесімен бірге қоқыс төгіп, үйге нан әкелсін.
15-кеңес. Ең басты кеңес – үй жинауды сенбіге қалдырмаңыз. Мүмкіндік болса, жұманың кешінде бәрін ретке келтіріп қойыңыз.
16-кеңес. Үйді 15 минутта жинап шығуға көмектесетін Fly lady сияқты жүйелер немесе арнайы бағдарлама бойынша үй жинайтын келіншектердің өзара тәжірибе алмасатын клубтары бар. Бүгінде олардың көмегіне жүгінетін әйелдер көп. Солардың қатарына қосылыңыз.
17-кеңес. Кайдзен жүйесін үй жинауға қатысты да қолдануға болады. Әсіресе, шкафтардағы заттар өз орнында жатуы үшін әр түрлі органайзерлерді сатып алып, маңдайшасына «іш киім», «шұлықтар» деп жазып қоюға болады.