«Тыштыма» қандай ырым?
Жаңа туған сәбиді бесікке салар кезде жасалатын «тыштыма» деген ырым бар екен. Сол туралы айтсаңыздар.
Парасат, Қызылорда
Қазақта нәрестені бесікке ауылдағы ең беделді, ең аяулы, көп балалы, өнегесі мол, иманды, халқы қастерлеп, қадіріне жеткен анаға салдыртады. Ондай ананың қолы киелі, аузы дуалы саналады. Ол бесікке салған бала ғұмырлы, бақытты, парасатты, ел қамын ойлайтын азамат болмақ. Бесікке салған анаға кәде бойынша ат мінгізеді, түйе жетелетеді, сауын сиыр береді. Оған шамасы келмесе, қой, ешкі не лақ атап, көйлек-көншек кигізеді.
Баланы бесікке бөлерден бұрын той дәмінен алып, тесігінен құрт, ірімшік, кәмпит, бауырсақ сынды тәтті дәмдерді «тышты ма, тышты ма?» деген ырым жасап, төгеді. Оны тойға келген әйелдер мен балалар «тышты, тышты» деп тосып алып, дәм ауыз тиіп, «бесіктойы бізде де болсын» деп ырымдайды.