Тынышбаев – тұңғыш кинооператор
Қазіргі уақытта кино саласы мықты дамып келеді. Отандық киноөндірісінің жетістіктері де аз емес. Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш кинооператор кім болды екен? Сол туралы мәлімет берсеңіздер.
Сабырбек БАТАНОВ, Алматы облысы
Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинооператордың есімі – Ескендір Мұхамеджанұлы ТЫНЫШбАЕВ (1909-1995). Оның есімі Қазақстанның халық әртісі, ҚР және КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, деректі кино шебері ретінде белгілі.
Ескендір Тынышбаев – үлкен ғалым, қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржолшы-инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген ол кино саласындағы еңбек жолын 1928 жылдан бастаған. «Востоккино» студиясының қазақ бөлімшесін және «Последние известия» қазақ киножурналын құруға атсалысқан. Қазақстан туралы бірқатар деректі фильмдер түсіруге қатысып, мыңдаған фотожәдігерлер жинаған Е.Тынышбаев кинооператордан бастап, авторлық фильмдердің режиссеріне дейінгі жолды жүріп өтті. Ол қазақ киносында бірінші болып трюкті түсірілімдер жасады. Оны қазақ киносы мен телевидениесінің ақсақалы деп атайды, себебі ол Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Кененбай Қожабеков, Ораз Әбішев сынды қазақ киносының басқа да майталмандарымен бірге ұлттық кинематографияны қалыптастыруға және дамытуға үлес қосқан азамат. Сондай-ақ өзі ұзақ жыл бойы бас оператор болған «Қазақтелефильм» студиясын құруға атсалысқан. Оның үздік жұмыстары «Біз – Жетісуданбыз», «Оның уақыты келеді» фильмдері Қазақстан киноөнерінің Алтын қорына енген.