Менің кішкентайым, балапаным тәй-тәй басып жүре бастады. Енді тұсауын кеспек ойымыз бар. Тұсаукесер бала құлап, сүрінбесін деген ниеттен туған ба? Тағы сұрағым келгені – тұсаукесерде баланың аяғына неліктен ала жіп байлайды?
Гүлфайруз МЫҚТЫБЕКОВА, Тараз қаласы
Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен соң аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң- тамаша болады. Бұл – баланың ең алғашқы талпынысы, тіршілігі. Мұны ежелден түсінетін қазақ баласының келешегіне ақжол тілеп, тұсаукесер жасайды. Бұған да мал сойып, жұрт жияды. Баланың анасы ала-құла шуда жіптен екі-үш қарыс дайындап, оны ауылдағы бір желаяқ пысық әйелге «ал сен кес, өзіңдей пысық болсын» деп ұсынады. Ол кісі ала жіпті баланың екі аяғына тұсауша байлап, сонан соң ортасынан кеседі. Бала анадайдағы анасына қарай тәлтіректеп жөнеледі. Міне, осыдан бастап баланың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды. Тұсаукесу – қазақтың өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Неге ала жіп арқылы тұсау кесіледі? Бұның мәні мынада: қазақ баласының сөзді естіп ұға алатын кезінен, осы тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Аяқтағы жіптің ала болуы да, оның кесілуі де жоғарыдағыларға жолама, ондайдың жолын қолыңнан келсе кес, дүниенің азы біреудің бір құлаш жібіне ең құрығанда бұзауға бас жіп болар деп қызықпа, тұсауындағы жіпті кескендей ондай арам кезіксе, кесіп құртуға тырыс дегені. Бұл – екінші себебі. Біріншісі, баста айтқанымыздай, баланың келешегіне жол ашу, ақжол тілеу.
Тұсаукесер – балаға ақжол тілеу
Последние статьи автора