Түркі қағанатына қандай аймақтар қараған?
Түркі қағанаты жаулап алып, қол астында ұстаған елдер жайлы білгім келеді.
Пернебай, Түркістан қаласы
Түркі қағанаты (552-742 ж.) біздің бабаларымыз құрған тарихымыздағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Бұл қағанат күшейген уақытында Солтүстік-шығыс Қытай (Маньчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия және Солтүстік Кавказ территорияларына иелік етіп тұрған. Бұл орайда түркі қағанаттың саяси-әскери бірлестік ретінде қалыптасқан мекені Жетісу екенін айта кету керек. Түркілер ең алғаш Жетісу мемлекетінің негізін құрып, көрші мекендерді өзіне бағындыру саясатын жүргізген. Осы саясат арқылы түркілер Орта Азияны толық жаулап алып, Жерорта теңізіне дейін баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты, 571 жылы түркілердің әскери қолбасшысы Естеми Солтүстік Кавказды басып алады, сөйтіп, Керчь түбегіне (Босфорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчьті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады.