Тұрғын үй кезегіндегі адамды тіркеуден алып тастау қаншалықты заңды?
Мен ІІ топтағы мүгедек едім. 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Өткен жылы күзде емделуге шетелге кеттім де, биыл тұрғын үй департаментіне барсам, «уақытында қайта тіркеуден өтпедің, енді 2013 жылдан бастап қайта кезекке тұруың керек» дейді. Бұл қаншалықты заңды?
Маржан, Алматы қаласы
Бұл сұраққа заңгер Шолпан Бостанқызы жауап береді:
– Алматы қалалық Тұрғын үй департаменті мамандарының бұлай деуі – заңға қайшы әрекет. Өйткені «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша баспанаға мұқтаждарды үйге кезекке алудың немесе оны қайта тіркеудің өзінің шарттары бар. Егер баспанаға мұқтаж адам жер алса, оған тұрғын үй салуды аяқтаса немесе басқа жаққа көшіп кетсе, қайтыс болса ғана оны тұрғын үй беруге мұқтаждар есебінен шығара алады. Ал ол денсаулығына байланысты шетелге кете ме, әлде осында емделе ме, ол үшін оны тұрғын үй кезегінен шегеру, тіркеуден алып тастау – заңсыз. Тіпті есептен шығарған күннің өзінде олар 10 күн ішінде не үшін тіркеуден алғандарын жазбаша түрде хабарлауы тиіс. Сондықтан мен тұрғын үй кезегіне тұрған азаматшаға ең бірінші «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңмен толық танысып алуын ұсынар едім. Одан кейін барып қалалық тұрғын үй департаментіне өзінің не үшін қайта тіркеуге келмегенін, егер ауырса шетелге барып емделгені туралы қағаздардың толық көшірмелерін беріп, олардың неге қайта кезекке тұрғызып отырғандығын жазбаша түрде жауап беруін талап етуі қажет. Егер «2013 жылдан бастап қайта кезекке тұр, бұрынғы тіркелген құжаттар жарамсыз» деп жауап беретін болса, онда ол құжатты алып жергілікті прокуратураға және сотқа жүгінуге толық құқы бар. Бұл мәселе осылай шешілуі тиіс.