Тұңғыш маркамыздың түрі қандай?
Мен биылдан бастап марка жинаумен айналыса бастадым. Туыстарым мен таныстарымның үйіндегі марканың бәрін жинап алдым. Бірақ еліміз Тәуелсіздік алған соң шыққан тұңғыш марка туралы ешкім айтып бере алмады. Сол жайында білгім келеді.
Жасұлан Ермеков, оқушы
Қазақстандық марка тарихын буыны қатпаған, жас десе де болады. Өйткені КСРО кезінде орталықтандырылған «Гознак» фабрикасы барлық кеңес маркаларын шығаратын. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін өз маркамызды шығару мәселесі туындады. Өйткені марка кез келген елдің бет-бейнесі іспетті. Сондықтан Үкіметтің шешімімен дереу отандық марка шығаруды қолға алу қажет болды. Бұл қиын еді. Біріншіден, «тырнақтай» қағазға қажетті суретті бейнелейтін суретші табу оңай емес. Екіншіден, марканы басатын арнайы құрал-жабдық керек. Үшіншіден, марка елдің пошта әкімшілігінің фирмалық белгісі болып табылады. Сондықтан оның әкімшілік дәрежесін көрсететін тақырып айқындалуы тиіс. Міне, осындай қиыншылықтарға қарамастан, 1992 жылғы 20 наурызда Қазақстанның «Алтын Сарбаз» атты тұңғыш пошта маркасы айналымға шықты. Онда Алматы облысындағы Есік қорғанында табылған сақ жауынгерінің киімі бейнеленген. Тұңғыш марканың идеялық авторы сол кездегі ҚР байланыс министрінің орынбасары Қажыкен Базылов болатын. Суретін Г.Комлев салған. Мәскеудің «Гознак» фабрикасында жылтыр қағазбен басылды. Таралымы – 2500 мың дана. Бағасы 50 тиын еді.