Тұңғыш дипломат кім?
Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат кім еді және ол қай елдермен дипломатиялық байланыстар орнатты?
Нұржан ҚҰНыПИЯНОВ, Алматы
Қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты – ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов. Ол – өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен Алаш қайраткері. Нәзір Төреқұлов алғаш рет Сауд Арабиясы мен КСРО арасында достық және дипломатиялық қатынас орнатуға зор үлес қосты. Өзінің дипломатиялық дарыны арқылы Ұлыбритания, Франция және АҚШ-тың КСРО-ға деген позицияларын әлсіретіп, ислам әлеміндегі саяси ықпалын нығайтқан. 1936 жылы Кеңес өкіметі сыртқы саясатында Сауд Арабиясы бағытын қажетсіз деп санағандықтан, Н.Төреқұлов бұл елден қайтып келді. Соның нәтижесінде Арабия жартыаралында америкалықтар өз мүддесін іске асыруға мүмкіндік алды. Арада бірнеше жыл өтісімен Сауд Арабиясы елі мұнай шикізат өнімдерін өндірудің экспорттаушы орталығына айналды, АҚШ қазіргі таңда аймақта өз позициясын барынша нығайтты. Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та Кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолынан мерт болды. Бірақ кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды.