Тұмаудан арылғыңыз келсе, шалқан жеңіз
Жақында теледидардан шалқанның (редька) суық тиіп ауырғанда таптырмас ем екенін естідім. Жөтелді қайтару үшін қандай да бір көмегі бар ма?
Бақыт СМАҚОВА, Қарағанды облысы
Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, шалқан – түрлі микробтарға қарсы тұра алатын бірден-бір көкөніс. Ол, негізінен, суық тиіп ауырғанда қолданылады. Мәселен, тұмауратқан жағдайда немесе жөтелді қайтару үшін ортасы шұңқырлап ойылған шалқанға бал құйып, 4 сағат жылы жерге қою керек. Дайын шырынды күніне 3 рет 1 ас қасықтан ішеді. Қақырық түсіру үшін қара шалқанды пайдаланған абзал. Ревматизм, радикулитпен сырқаттанғандарға шалқанның шырынын компресс ретінде қолдануға болады. Ол үшін шикі шалқанды жіңішкелеп турап, қант сеуіп қояды. Дайын өнімді 1 ас қасықтан әр сағат сайын ішу керек. Айта кетейік, көмірсу, С,В1, В2 дәрумендері, калий, кальций, магний, фосфор, темір мен органикалық қышқылдарға бай көкөніс әсіресе қыс және көктем мезгілдерінде өте пайдалы екен.