Түйнеменің алдын алу үшін не істеу керек?
Сібір жарасы немесе түйнеме ауруының салдарынан адамдардың қайтыс болып жатқаны жайлы естиміз. Бұл аурудан алдын ала қалай сақтанған жөн?
Сансызбай Бауыржанов, Алматы облысы
Түйнеме адамға малдан немесе ауру малдың етін пайдаланғаннан жұғады. Қоздырғыш теріге еніп, кішкентай дақ пайда болады. Бірнеше күннен кейін дақ безеуге, содан кейін қан аралас бұлдыр сұйықтығы бар көпіршікке айналады. Көпіршік жарылып, шиқан пайда болады. Ауырған адамның температурасы көтеріліп, әлі кетеді. Егер ем уақытында басталса, ауру тез сауығады. Түйнеме сепсиспен асқынуы мүмкін. Бұл әдетте шиқанды қасығанда, сыдырғанда болады. Түйнеменің алдын алу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын иммунизациялап отыру керек. Жануарлардан ауру белгілері байқалса, дереу үйге ветеринар шақыру қажет. Мал дәрігерінің кеңесінсіз оны бауыздауға болмайды. Мал еті ветеринардың алдын ала тексерісі мен анықтама беруінен соң ғана базарларда сатылуы керек.