Түйіндеменің қандай түрлері бар?
Қай мекемеге жұмыс сұрап барсаң да, ең алдымен түйіндеме (резюме) сұрайды. Түйіндеменің бірнеше түрі болады деседі. Түйіндемені сауатты жасаудың үлгісін білсем деп ем.Асқар БЕК, Шығыс Қазақстан облысы
Бүгінде «түйіндеме» деп аударылып жүрген «резюме» – француз сөзі. Бұл сөздің мағынасы «жеке адамның істеген қызметтеріне байланысты ақпарат» дегенді білдіреді. Түйіндеменің негізгі түрлері: хронологиялық, қызметтік және аралас. Хронологиялық түйіндемеде азаматтардың еңбек тәжірибесі тек хронологиялық ретпен көрсетіледі. Ал қызметтік түйіндемеде жұмыс орындарының тізіміне қарағанда, басты басымдық жұмысшының істеген қызметтеріне беріледі. Айталық, бір мекемеге басында қатардағы жай жұмысшы болып кіріп, біраз уақыттан соң сала маманы, бөлім жетекшісі немесе одан да жоғарыға қызметтік сатымен өскеніңізді түйіндемеде көрсетсеңіз, бұл қызметтік түйіндеме болады. Алайда бұрын істеген қызметіңіз жаңа орналасатын жұмысыңызға қатысы жоқ басқа сала болса, онда алдыңғы жұмысыңыз туралы толық ақпарат берудің қажеті жоқ. Бүгінде кейбір агенттіктер түйіндеменің арнайы шаблонын жасап, сайттарға енгізіп қойған. Мұндай интернет-түйіндеме қазіргі кезде кең таралып кетті. Ал әзірге аса тарала қоймаған түйіндеменің түрі – бейне-түйіндеме. Бейне-түйіндемеде үміткер өзі туралы және қызмет тәжірибесі жөнінде қысқаша бейне-ролик жасайды. Бір ескере кетерлік жайт, үміткер түйіндемеде қалаған жалақы мөлшерін көрсетпегені жөн.