Тоғызқұмалақтан Олимпиада ойындары өте ме?
Төл спортымыздың бірі тоғызқұмалақ ойынына құмармын. Өте керемет ойын. Дегенмен мені мазалайтын – бір сұрақ. Төл ойынымыз неге Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейді?
Шынар Жұмасатова, Маңғыстау облысы, Үштаған ауылы
Сіздің бұл сұрағыңызға ҚР тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов кезінде «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында былай деп жауап берген болатын.
– Мұнда жағдай басқаша. Байқасаңыз, шахмат та Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмейді. Себебі зияткерлік ойындар өз алдына бөлек. 1896 жылдан басталатын қазіргі заманның Олимпиадасы, негізі, тән шынықтыруға бағытталған, зияткерлік емес спорттың басқа түрлеріне арналған, – деп түсіндірген Әлихан Мұхамедияұлы.
Дегенмен, айта кетейік, Олимпиада ойындары секілді төрт жылда бір ұйымдастырылып тұратын зияткерлік дүниежүзілік ойындар өтіп тұрады. Яғни дойбы, шахмат сынды ақыл-ойды дамытуға бағытталған спорт түрлерінің басын қосатын өзіндік Олимпиада додасы бар. Тоғызқұмалақ осы ойындардың бағдарламасына 2006 жылдан бері кіреді. Мемлекеттік жаттықтырушы Мақсұт Шотаевтың айтуынша, тоғызқұмалақ тұңғыш рет 2006 жылғы Лондон зияткерлік Олимпиадасының бағдарламасына кірген екен. Одан кейін 2009 жылы Чехияда өткен зияткерлік Олимпиада ойындарының бағдарламасына да қосылды. Бұдан өзге жыл сайын әлемнің әр түкпірінде тоғызқұмалақтан халықаралық турнирлер ұйымдастырылып тұрады.