Тіл білмейтін адам үшін сотта тегін аудармашы беріле ме?
Менің шетелдік әріптесім Қазақстанда азаматтық іс бойынша сотқа жауапкер ретінде қатысқалы отыр. Ол орыс тілін де, қазақ тілін де білмейді. Мұндайда сот процесі қай тілде жүруі керек, аудармашы қызметін тегін пайдалануға бола ма?
Төлеу Аймұханов, Астана қаласы
ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес, қажет болған жағдайда сот ісі мемлекеттік тілмен және орыс тілімен қатар басқа тілде де жүргізілуі керек. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу үшін осы кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.