«Тепеңкөк» би ме, әлде күй ме?
«Тепеңкөк» деген атау қазақтың би өнерінде де, күй өнерінде де айтылып жатады. Жалпы, «Тепеңкөк» би ме, әлде күй ме?
Жазира, Шығыс Қазақстан облысы
Энциклопедиялық анықтамаларға сүйенсек, «Садақ биі» деген атауға ие қазақ биі «Тепеңкөк» деген атауға да ие болып жүр. Ол халық күйінің сүйемелдеуімен орындалады. Музыкалық өлшемі – 6/8 және 9/8. 1934 жылы Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (балетмейстер – А.А.Александров) қойылды. Би жігіттердің ат жарысын, садақ тартуындағы мергендігін, қылыш сайысындағы ептілігі мен шеберлігін, сондай-ақ төзімділігін бейнелейді. «Қыз Жібек» операсының жаңа спектаклінде (1954, 1984) және «Әнші ауыл» көркем фильмінде бидің балетмейстер Д.Әбіров қойған нұсқалары орындалды. Көркемөнерпаздар ұжымының репертуарында «Тепеңкөк» биінің басқа да нұсқалары бар.