Теңбіл жапырақты гүл жарықты сүйеді
Жақында гүл дүкенінен шұбар жапырақты өсімдік сатып алған едім. Бірақ үйге әкелгелі жапырақтарының бетіндегі ақ ала теңбілдері күн өткен сайын азайып, әсем гүл қарапайым жасыл жапырақты өсімдікке айналып келеді. Мұның себебі неде?
Анар АСЫЛБЕКОВА, Қарағанды облысы
«Өсімдіктанушылардың айтуынша, соңғы кездері ақ теңбілді бөлме өсімдіктерін өсіру сәнге айналып келеді. Өзге гүлдерден жапырақтарының түсімен ерекшеленетін бұл өсімдік ерекше күтімді қажет етеді. Нақты айтсақ, шұбар жапырақты бөлме гүлі теңбілдерін жоғалтпай, ерекше қалпын сақтап қалсын десеңіз, оны жарық жерде ұстағаныңыз абзал. Өсімдіктің әсемдігін жоғалтып, қарапайым жасыл жапырақты гүлге айналуының негізгі себебі — оның көмескі жерде сақталуынан», – дейді гүл өсіруші мамандар. Бұл гүл әсіресе күз-қыс мезгілдерінде түсін жоюға бейім болады.