Шетелдік немесе ресейлік тележүргізушілердің табысы көп дейді. Ал біздегі телевизия жұлдыздары қанша алады?
Жомарт, Алматы қаласы
Расында да, әлемге әйгілі америкалық тележүргізуші һәм қоғам қайраткері Опра Уинфри бір жылдың ішінде 165 млн доллар табады. Ал ТМД кеңістігіндегі тележүргізушілер өз табысын жариялауға онша құмартпайды. Әйтсе де кімнің қанша алатыны жайындағы сыпсың сөз тез жайылады. Мәселен, «Останкино» телеорталығында. «Бірінші арнадағы» «Пусть говорят» бағдарламасын жүргізетін Андрей Малаховтың айлығы 25-30 мың доллар көлемінде. Оған таңғалуға да болмайтын шығар. Қазір түрлі телеарнадағы шоу-бағдарламалардың ішінде «қолы жүріп» тұрғаны – осы. Ресей телевизиясының тағы бір жұлдызы Владимир Познерге төленетін жалақы да 30 мың доллардың айналасында. Ал пәленбай жылдан бері «Поле чудестен» түспей жүрген Леонид Якубович айына 15 000 доллар алады. Кезінде ең өтімдісі Ксения Собчак еді. Ол бірнеше телеарнадағы бірнеше бағдарламаны қатар жүргізетін. Сондықтан оның табысын тап басып айту қиын. Бірақ оның пәтерінде тінту жүргізілгенде, 1 млн евро, 480 мың доллар, 480 мыңдай рубль табылғанына қарағанда, Ксенияның табысы жаман болмағанға ұқсайды. Ал біздің тележүргізушілердің қанша алатыны да – коммерциялық құпия. Дегенмен олардың табысы ресейлік жұлдыздардың «ставкасымен» салыстыруға да келмейді. Шоу-бағдарламаларды жүргізетіндердің алатыны ары кетсе 1000 доллардан аспайды деседі.
Тележұлдыздарымыздың табысы қанша?
Последние статьи автора