Театрда дресс-код бар ма?
Театр қойылымдарына джинсы киіп барып жүрсем, жуырда біреулердің мен жайлы «театрға джинсымен келе ме екен» деп сыбырласып жатқанын естідім. Драма театрларында дресс-код бар ма?
Айнұр, Алматы қаласы
Драма театрларының этикеті бойынша сахналық қойылым көруге келген адамның сәнді қонақ киімін кигені дұрыс. Қойылымды көруге джинсымен, спорттық киіммен, сыртқы және бас киіммен келуге болмайды. Бірақ қазіргі театрларда бұл дресс-код сақтала бермейді. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ғана көрермендердің сырт киіміне қатысты қалыптасқан тәртіп бар. Киімге қатысты талаппен бірге, театрда ішкі ережелерді де сақтаған дұрыс. Айталық, спектакльге бес жасқа толмаған сәбилерді ертіп келмеген жөн. Баланың аты – бала, оның мазасы кетіп, зал тыныштығын кетіруі мүмкін. Көрермендер залына үшінші қоңырау соғылғанша кіріп үлгерген дұрыс. Залда отырған адамдардың алдынан теріс қарап өту, қойылым кезінде тамақ жеп, сусын ішіп отыру – әдепсіздік. Театрда ұялы телефонды өшіріп қойған жөн, қойылымды фото және бейнекамераға түсіруге тыйым салынады. Сахналық қойылым толық аяқталып, әртістер көрермен алдына түгел шықпайынша, залдан шығып кетпеу керек.