Дәрігерлер қант орнына бал тұтыну керегін жиі айтады. Себебі белгілі. Қант ағзаға зиянды, ал бал табиғи таза өнім. Тіпті қыста суық тиіп ауырғанда, тұмауратқанда пайдалы деп таңқурай мен қарақаттан әзірленетін тосапқа да қант орнына бал араластырып қойған дұрыс екен. Алайда балдың да балы бар. Базарларда, дүкен сөрелерінде тұрған балдың бәрінің таза екеніне ешкім кепілдік бере алмайды.
Жаз шыға ел ішінде «майский мед» деп бал сататын ұлты өзге адамдар көбейіп кетеді. Бір қызығы, ондай бал сатқыштар базарда немесе белгілі бір орында тұрып сатпайды. Мекемелерді, үйлерді аралап жүріп, өте арзан бағаға сатып кетеді. Неге арзан екенін сұрасаң, өздерінің омартасы барын, бал аралары көп екенін айтады. Арзандығына қызығып, көп-көптеп сатып алатындар да бар. Алайда алғаны бал емес, қайнатылып, бал секілді өңделген қант екенін кейіннен біліп сан соғып жатады.
Жақында «уатсап» желісінде бір әйел жасанды балдың қалай жасалатынын өз көзімен көргенін айтып берді. «Нәсілі түрікке келетін азаматтар 25 кило шекерге 7 литр су құйып, 1,5 сағаттай қайнатты. Балдың иісі шығып тұру үшін бетіне эссенция құйып, тез-тез сатты да, басқа қалаға көшіп кетті», – дейді ол.
Қауыннан да бал қайнататындар бар деп естігенбіз. Сонда таза бал мен жасанды балды қалай ажыратуға болады? Мұның арнайы бір әдісі бар ма екен? Осы сұрақты бал сатумен айналысатын, өзі ара асырайтын кісілерден сұрастырып көрдік.
Отырар ауданы, Маяқұм ауылының тұрғыны Мереке Мәшірапкеліні бірер жылдан бері бал сатумен айналысады. Оған балды Өскеменде жұмыс істейтін қайнысы сол жақтағы ара шаруашылығымен айналысатын кісілерден алып, пойыздан салып жібереді екен. Көкейдегі сұрағымызды қойғанда Мереке: «Білмедім, біз балды Өскеменнен алдыратындықтан таза екеніне сенімдімін. Себебі ыдыстардың бетін ашқанда бөлменің ішін балдың иісі алып кетеді. Содан кейін былтырғы жылдан қалған азғана бал бар еді. Ешқандай өзгерместен сол күйінше тұр. Егер қанттан жасалса, ыдыстың түбіне шөгіп қатып қалар еді ғой. Өскеменде күн суық болғандықтан олар мамырда бал жинамайды. Бізге бал маусымның аяқ жағында келеді. Сосын «тик-токтан» көргенім бар. Бір шай қасық балды кесенің түбіне салып, үстіне су құйсаңыз судың бетіне майда-майда араның ұялары қалқып шығады екен. Мен де солай істеп көріп едім, майда ұялар қалқып шықты. Бірақ мұның қаншалықты рас-өтірігін білмеймін».
Мерекемен сөйлесіп болғасын шымкенттік Ділдәбек есімді омарташымен хабарластық. «Балдың таза екенін тек лаборатория анықтайды, – дейді Ділдәбек ағай. – Одан басқасының бәрі бос әңгіме. Шекерге әртүрлі дәмдеуіштер қосып қайнатып сататындар бар, ол рас. Өзімнің де бір танысым солай еткенін көргем. Сонымен қатар араға қант жегізетіндер де бар. Себебі шілдеден кейін гүл жоқ қой ешжерде. Ондайда аралар тек өз тамағын ғана тойдырады. Сол кезде бал жинасын деп араға қант жегізеді. Бірақ ондай балдың емдік қасиеті болмайды. Ара гүлден бал жинап ұясын толтырғаннан кейін біраз күн бетін «печаттайды». Яғни балдың бетін балауызбен жауып толтырады. Сосын бал біраз күн тұрып пісіп-жетіледі. Содан кейін ғана алу керек.
Көбірек ақша тапқысы келетіндер балдың бұлай пісіп жетілгенін күтіп отырмай, тезірек алып сатып жібереді. Ондай балдың емдік қасиеті азаяды. Бірақ мұны лаборатория анықтай алмайды. Бал жылдап тұрған сайын емдік қасиеті күшейеді. Тек оны ағаш бөшкелерде, эмаль ыдыста, шыны банкаларда сақтау керек. Сосын гүлден жиылған таза бал құмшекер секілді іртік-іртік болып тұрады. Оны адамдар қант деп күдіктенгендіктен де омарташылар балды базарға апарарда қыздырады. Сонда ана іртік-іртік болып тұрған заттар еріп кетеді. Ондай балдың да емдік қасиеті азайып кетеді».
Жалпы, Ділдәбек ағайдан ара шаруашылығы жайлы қызықты нәрселер білгіміз келген. Алайда денсаулығына байланысты көп әңгімелесе алмадық. Мүмкін алдағы уақытта бір сәті түсіп қалар. Әзірге бал жөніндегі бар білгеніміз осы болды.
Г. ТҰРАРБЕК.