Тәлібтер Ауғанстандағы тарихи жәдігерлерді тауысты
Ауғанстанда бір кездері тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер көп болған деп айтылады. Олар қазір сақталып қалған ба?
Айнагүл СЕРІКҚЫЗЫ, Тараз
Ауғанстан көптеген мәдениеттердің дәл ортасында орналасқан, онда түрлі көне тарихи ескерткіштер болғаны рас. Алайда олардың басым көпшілігі соңғы 10-20 жыл ішінде түрлі радикалды діни топтардың қолымен қиратуға ұшырады. Атап айтқанда Ауғанстан территориясында ІІ-V ғасырларда тұрғызылған Будданың қос алып мүсіндері бар еді. 2001 жылы діни-экстремистік «Талибан» қозғалысының өкілдері бұл қос жәдігерді жарып жіберді. Сондай-ақ ел аумағындағы көптеген көне архитектуралы ғимараттар, бейіттер қиратылған. Радикалды діни күштердің айтуынша, бұл жәдігерлер Аллаға серік қосу немесе пұтқа табынушылық болып табылады. Дегенмен қазіргі кезде Кандагар, Газни, Балх қалаларында сақталып қалған жәдігерлер бар. Ал Хари өзенінің бойында XII ғасырдан қалған Джам мұнарасы сақталып қалды.