Шымкент атауы қайдан шыққан?
Мен өзім Шымкент қаласының тумасымын. Осы уақытқа дейін Шымкент атауының қайдан шыққаны туралы ойланбаппын. Кейде осыған қатты ұяламын. Егер білсеңіздер, жазып жіберсеңіздер екен?
Берік САҒИТОВ, Алматы қаласы
Ғалымдар Шымкент туралы кездесетін әртүрлі тарихи деректерді атай отырып, қала атауының мағынасын «бау-бақшалы қала», «Жасыл қала», «Шыммен қоршалған қала» деп түсіндіреді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай деп түсіндіріледі: Шымкент түркінің «шым» және иранның «кент» — қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атауы Соғдының (Иранның) «чиминь-чемень» яғни көгалды, гүлденген алқап, ал бұған «кент» сөзінің жалғануымен, жасыл (гүлденген) қала деген мағынаны береді. Қандай болғанда да, қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған. Оған ежелгі қоныстарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәдениет мұралары дәлел бола алады. Тау етегінде өзен бойындағы алқаптарда егіншілік пен жүзімдік, ал көгалды, таулы жайылымдарда мал шаруашылығы дамыған.