Міне, қыс та келді, енді шама-шарқымызша соғым соямыз дегендей. Отау құрғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Білмейтінім көп әлі. Соның бірі — шұжық айналдыру. Сіздердің көмектеріңізге жүгінуге тура келіп отыр.
Айгүл Доспанова, Астана
Шұжықты жылқы етінен де, сиыр етінен де жасауға болады. Шұжық дайындауға арналған ет әуелі салқын жерде шамалы тоңазытылады. Шұжыққа арналған ішек те әуелі тұздалып және тұзды суға салынып қойылады. Шұжық үшін мойын еттен басқа, сан, қол, жон еттер алынады. Ет пен майды өте майдаламай турау керек. Сосын оны үлкен ыдысқа салып, үстіне майдалап туралған сарымсақ, тұз, бұрыш қосып араластыру керек. Содан кейін ішекке бір ет, бір майдан кезектестіріп салынады. Ішектің екі ұшын жіппен байлап немесе іскекпен түйреп, бес-алты сағат уақыт іліп қойып барып салқын жерге қою қажет. Шұжықты ыстауға да болады. Шұжық дайындау үшін: 5 кг ет, 5 кг іш май, 50 гр сарымсақ, 350 гр тұз, 10 гр қара бұрыш қажет. Шұжықты шым-шым жылы суда пісірген дұрыс. Бір қайнаған соң ішек жарылып кетпес үшін әр жерінен піспекпен тесіп қою керек. Піскен шұжықты турағанда қиқаланып кетпес үшін әуелі салқындатыңқырап алып қана өткір пышақпен жұқалап тураған жөн болады.
Шұжық та — жеңсік ас
Последние статьи автора