Суыққа қалай бой үйретуге болады?
Суықтан менің аллергиям қозады. Кішкене аяз басталса бітті, денем күлдіреп, қызыл бөрткендер пайда болады және қатты қышиды. Мұндайда не істеуге болады?
Нұржан ЕРБОЛАТ, Орал қаласы
Аллерголог-дәрігерлер мұндай қолайсыздықпен денені суыққа үйрету арқылы күресуге кеңес береді. Әрине, аллергияға қарсы түрлі дәрі-дәрмектер бар. Бірақ оларды пайдалана отырып, сіз аллергияның түпкі себебін емес, тек сыртқы белгілерін ғана жоя аласыз. Сондықтан денені шынықтырғаннан абзалы жоқ. Бірақ оның өзін бірте-бірте бастау керек. Мысалы, әуелі суық суға шыланған сүлгімен сүртіну, суық су құйыну сияқты процедураларды қолданған жөн. Температураны күрт төмендетіп жіберуге болмайды. Одан дене шошынып қалуы ықтимал.
Бастапқыда үстіге құйылатын су 36-38°, ал бірнеше күннен кейін 35-37°, үш аптадан кейін 34-36° шамасында болуы тиіс. Егер су құйыну кезінде терінің беті күлдірей бастаса, судың температурасын 1 градусқа көтеру керек те, бес-алты күнсіз төмендетпеген абзал. Осылайша, жыл бойына температураны +10°-қа жеткізуге болады. Салқын су құйынып емделгеннен кейін денені міндетті түрде түкті сүлгімен қызарғанша ысқылау керек.