Субұрқақтың «атасы» – бастау
Жаз мезгілін субұрқақсыз елестету қиын. Түсінбейтінім, судың көкке шапшуы бүкіләлемдік тартылыс заңына қайшы емес пе? Жалпы, алғашқы субұрқақ қашан және қайда пайда болған?
Қарақат ОРЫНБАЕВА, Жезқазған
Бір қызығы, адамдарды субұрқақ жасауға итермелеген табиғи субұрқақ – бастаулар екен. Алғашқы субұрқақтар Ежелгі Грекияда пайда болды. Олар қазіргі кездегідей әдемі емес еді. Өйткені оларды әдемілік үшін емес, елді мекендерге су жеткізу үшін салды. Кейін оларды әсемдік үшін де сала бастады. Рим империясында бай үйлердің бәрінде субұрқақ болған. «Фонтан» сөзінің өзі латынның «фонтис» – «қайнар» деген сөзінен шыққан. Дегенмен су неліктен жоғары шапшиды? Заманауи субұрқақтар қалай жасалған?
Бүгінгі субұрқақтар екі бөліктен, яғни тостаған мен насос жабдығынан тұрады. Су тостағаннан насосқа келеді, ол суды қысыммен арынды құбырға және арнайы қондырмаға айдайды да, субұрқақ пайда болады. Демек, су бүкіләлемдік тартылыс заңына қарамастан, жоғары атқылауы үшін қысым керек. Бүгінде субұрқақты кез келген жерде, өзенде, алаңда, тіпті үйде де жасауға болады. Оны қыста тамашалаған тіпті керемет. Аязға қарамастан субұрқақтың көңілді сылдырайтыны сонша, көзіңізді жұмсаңыз, жазды елестетуге болады.