Шоқан Қашғарда шынымен үйленген бе?
Қашғар сапарына барған кезінде Шоқанның үйленгені туралы бір жерден оқығаным бар еді. Сол қаншалықты рас?
Нұрмағанбет ҚУАНТАЙҰЛЫ,Талғар қаласы
Қашғарға Әлімбай деген жасырын атпен барған Шоқан сол елдің қызық бір салтына куә болады. Онда мұсылман дәстүріне еш үйлеспейтін, бірақ ерте кезден жалғасып келе жатқан бір ғұрып бойынша, елге сырттан келген мұсылман қонақ уақытша үйленуі тиіс екен. Бұл ретте күйеу жігітке қалың мал төлеп қиналудың қажеті жоқ, одан тек заңды түрде некелесіп, келіншегін киіндіріп, асырап отыру ғана талап етіледі. Тек «ажырасуға қимасаң, осында қал, бірақ ертіп әкете алмайсың» деген бір ғана шарт қойылады. Не мақсатпен барғаны жөнінде күдік тудырмас үшін Шоқан да шетелдіктерге қатысты осы шартты орындаған. Осы орайда Шоқанның өз қолымен салған суреттерінің ішінде кездесетін «Қашғарлық келіншек» оның уақытша үйленген әйелі болуы мүмкін деген болжам бар.