Биылғы шілде тым шыжып кетті. «Ми қайнатар ыстық» деген, сірә, осындай-ақ болар. Айтқандай, күннің ыстығынан шынымен де ми қайнай ма? Жалпы, осы ыстық-суықтың адамның ой қабілетіне, ми жұмысына әсері қаншалықты?
Еркін ЖҰМАҒҰЛ, Қызылорда қаласы
Әрине, қанша жерден «ми қайнатар ыстық» дегенімізбен, тура мағынасында айтқанда, ми ешқашан күннің ыстығынан қайнамайды. Дегенмен аптап кезінде ағзадағы бүкіл процесс баяулап, тұтастай алғанда, адам өзін нашар сезінеді. Кейде тіпті дымы құрып, әл-дәрмені таусылғандай күйге түседі. Осы жағдай оның ойлау қабілетіне де, ми жұмысына да ықпалын тигізеді.
Адамдардың көпшілігі жоғары температура жағдайында өте шабан ойлайды. «Басыңды салқында, аяғыңды жылыда ұста» дейтін орыс мақалы, сірә, осыған байланысты айтылған болуы керек.