Егер еңбек демалысын екі айға кешіктіріп алсаң, сауықтыру жәрдемақысы төленбейді деген рас па?
Марат САҒЫНДЫҚОВ, Алматы облысы
Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 103-бабы бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимдерi мен кестелерiне қарамастан, еңбек демалысы күндерiне тура келетiн мереке күндерi есепке алынбай, күнтiзбелiк күндермен есептеледi.
Жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезiнде жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы негiзгi еңбек демалысына қосылады. Бұл ретте жыл сайынғы еңбек демалысының жалпы ұзақтығы ең жоғарғы шекпен шектелмейдi.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс стажына:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Сонымен бірге кодекстің 107-бабы бойынша, демалыс кестелерi өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты өзгертiлген жағдайда, жұмыс берушi бұл туралы қызметкерге еңбек демалысы басталардан кемiнде екi апта бұрын хабарлауға мiндеттi.
Егер еңбек демалысын екі айға кешіктіріп алсаң, сауықтыру жәрдемақысы төленбейді деген заңға қайшы. Егер де сіздің басшыларыңыз заңға қайшы әрекет жасаса, сіз құқығыңызды қорғау үшін облыс орталықтарындағы Бақылау және әлеуметтік департаментіндегі еңбек инспекторына немесе сотқа шағымдануыңызға болады.