Жақында «киіз үйдің шаңырағын көтеріп жатқанда сөйлеуге болмайды» дегенді естідім.
Кәмила БАЗАРБАЕВА, Талдықорған қаласы
Зерттеуші А.Сансызбайұлының пайымдарына сүйеніп айтар болсақ, киіз үй төңірегінде аңыздар көп болғанымен, бүгінде олар ғылыми түрде саралануда. Киiз үйдегi кеңiстiк – қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi. Осында адам дүниеге келедi, үйленедi және соңғы сапарға аттанады. Яғни адамның түздегi тiршiлiгiн қоспағандағы өмiрi осында өтедi. Киiз үй – ғаламның моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй – баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, әртүрлі кесел-кесапаттардан қорғайтын киелi орын. Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады. Күннің символындай болған шаңырақ қазақтар үшін қасиеттi саналады. Шаңырақ көтерiлiп жатқанда ешкiм сөйлемейдi. Өйткенi бұрынғылар осындай ұлы iс атқарылып жатқанда үнсiздiк орнауы тиiс деп есептеген. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз осының дәлелi болса керек. Шаңырақтың төрт күлдiреуiшi төрт тарапты бiлдiредi. Уықтарды күннiң шашырандысы деп ұғыңыз. Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнiсi, кұт құйылады деп есептеген. Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ – адамның оты. Шаңырақтың үстiнде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды деген сенім бар.