Шәмші мен Тұмағаң қанша әнді өмірге әкелді?
Тұманбай ағамыздың әйгілі Шәмшімен шығармашылық тандемде қызмет еткенін білеміз. Шәмші сазгер Тұмағаңның қанша өлеңіне ән жазған?
Ғазиз Махамбетов, Алматы қаласы
Тұманбай Молдағалиев пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылықтағы өзара қарым-қатынасы, рухани сабақтастығы қазақ әні мен қазақтың лирикалық поэзиясының табиғи үйлесімде дамуына оң ықпал етті. Осы екі алпауыттың шығармашылығы өткен ғасырдың 60-70-80 жылдары қазақ мәдениетін жаңа биікке көтерді. Бұл үндестік қазақ қоғамын эстетикалық көзқарастарға тәрбиелей білді, ойын-той, мереке атаулыны таңдаулы әндермен өткізу үрдісін жетілдірді. Тұмағаң мен Шәмшінің рухани одағынан халыққа кең танылған алты әннің өмірге келгені мәлім. Олар: «Арман қыздар», «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында», «Қыз сағынышы», «Отан» және «Шығыстың шолпаны». Естеліктерге қарағанда, Шәмші өзінің әніне Тұмағаңның «Кел, билейік, кетпе менің қасымнан, Қызғалдағым таң нұрымен ашылған» деген жолдары бар өлең жазып бергенде, оның талантына айрықша тәнті болған.