Сайлау комиссиясы мүшелерінің міндеттері мен құқықтары қандай?
Алдағы сайлау қарсаңында сайлау комиссиясы мүшелерінің міндеттері мен құқықтары қандай екенін білсек деп едік.
Жаннұр Қаныш, Тараз
Сайлау комиссиясының мүшесі: 1) тиісті сайлау комиссиясының отырыстары туралы, жедел шешім қабылдауды қажет ететін жағдайларды қоспағанда, 48 сағат бұрын хабардар етіледі; 2) сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, тиісті сайлау комиссиясының құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге және олар бойынша дауыс берілуін талап етуге құқылы; 3) күн тәртібіне сәйкес отырыстың басқа қатысушыларына сұрақтар қоюға және оларға мәні бойынша жауаптар алуға құқылы; 4) өзі құрамында тұрған сайлау комиссиясының құжаттарымен және материалдарымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға құқылы; 5) өзі құрамында тұрған сайлау комиссиясы мүшелерінің төрттен үшінің дауысымен расталған уәкілеттігі бойынша төменгі тұрған сайлау комиссиясы қызметін тексеруді жүзеге асыруға құқылы; 6) ҚР Конституциясының, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның және өзге де заңдардың талаптарын, жалпы, жұрт таныған әдеп нормаларын сақтауға міндетті; 7) өзіне жүктелген міндеттерді, сайлау комиссиясының және оның төрағасының, жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімдері мен нұсқауларын орындауға міндетті; 8) азаматтардың сайлау құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, шешiмдер қабылдау кезiнде әдiл және тәуелсiз болуға, сондай-ақ кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруден аулақ болуға мiндеттi; 9) өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ.