Сәби қабіріне тас қоюға бола ма?
– Менің білгім келгені, егер сәби шетінеп немесе басқа жағдайда қайтыс болса, оның басына тас қоюға бола ма? Үші, жетісі беріле ме?
Берік Әлімбетов,Оңтүстік Қазақстан облысы
Әбдімүтәліп ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі:
— Жалпы, қабірге тас қою, оған қайтқан адамның атын, туған күні мен қайтқан жылын жазу жайында ғалымдардың арасында пікірталас бар. Бірі харам десе, енді бірі мәкрүһ дейді, ал енді бір топ атын жазуға болатындығына рұқсат еткен. Алайда ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ, жалпы алғанда, жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.