Қытайда өлім жазасының қолданылып жатқанын жиі естиміз. Жалпы, әлемнің қай мемлекеттерінде өлім жазасын көп қолданады?
Нұрбек СӘЛІМҰЛЫ, Қарағанды
Халықаралық Amnesty International орталығының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, соңғы жылдары әлемде өлім жазасын қолдану оқиғалары артып келеді. Өткен жылы әлемнің 56 елінде шамамен 2000 адам өлімге кесілді. Нақтылай айтқанда, 2009 жылы Иранда – 386 адам, Иракта – 380, Сауд Арабиясында – 69, АҚШ-та 52 адам өлім жазасына кесілді. Алайда зерттеу жүргізуші Amnesty International орталығы бірқатар елдерден өлім жазасының есебін ала алмады. Олардың қатарында Қытай, Солтүстік Корея және тағы басқа бірқатар елдер бар. Тәуелсіз сарапшылардың шамалауынша, 2008 жылы Қытайда 1718 адам өлімге кесілді. Биылғы деректер бұл көрсеткішті екі еселеуі де мүмкін еді. Осылайша, бейресми мәліметтер арқылы да Қытайды өлім жазасына кесушілердің қатарынан алғашқы орынға қоюға болады.